«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ» ҚЫЗМЕТІ ЖЕТІЛДІРІЛІП КЕЛЕДІ

Ет пен сүйектен жаралған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Ондайда ең алдымен іздейтініміз – «Жедел медициналық жәрдемнің» қызметі. Біздің елде жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар дамыған елдермен салыстырғанда он есе көп екен. Яғни, басы ауырып, балтыры сыздағандардың басым бөлігі бірден «103» нөмірін тереді.

Заман талабына сай бұл саланың жұмысы да жыл өткен сайын жетілдіріліп келеді. Соңғы ережеге сәйкес жедел жәрдем  қызметінің көмек  көрсетуі төрт санатқа бөлінді. Бірінші санаттағы өміріне тікелей қауіп төніп тұрған науқастарға жедел жәрдем 10 минуттың ішінде жетеді. Сондай-ақ науқас жағдайының күрделілігіне қарай екінші және үшінші санаттағы қоңыраулар бойынша жедел жәрдем 15-30 минутта көмекке келеді. Ал төртінші санаттағы денсаулығы бірден сыр бермеген, дерті айқын білінбеген адамдардың шақыртуына бару уақыты бір сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ол науқастарға жергілікті емханалар жанындағы жедел медициналық бөлімшелер арқылы көмек көрсету жоспарланған. Ал бастапқы үш санаттағы шақыртуларға жедел медициналық жәрдем стансалары қызмет көрсетеді. Бұл жүйенің бір бағыты – «103-ке» негізсіз жүгінетіндердің қатарын кемітуге едәуір ықпал ету. Яғни, азаматтар беталды шақырғанға жедел жәрдемнің бұрынғыдай жетіп келе бермейтінін түсінуі керек.

Мамандардың айтуынша, дүние жүзінде жедел жәрдем көрсетудің екі тәсілі бар. Ал біздің ел екінші тәсілге негізделген. Яғни, бірінші тәсіл жедел жәрдем көлігімен бірге дәрігер еріп барып, алғашқы емдом шараларын сол жерде көрсету болса, екіншісі, 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты қажетті ем жасайтын ауруханаға жеткізу. Біздің ел бұған дейін бірінші тәсілмен жұмыс істеп келген болса, соңғы үш-төрт жылдан бері екінші тәсілмен жұмыс істеп келеді. Мұндағы басты міндет – науқасты тез арада үйінен ауруханаға жеткізу. Медицинада адам өлімінің санын азайтуға септігін тигізетін «Алтын сағат» деген қағида бар. Бұл – бір сағаттың ішінде дұрыс ем жасау деген сөз. Осы қағидаға сүйенсек, науқасты білікті мамандардың жан-жақты қарауы үшін бір сағаттың ішінде ауруханаға жеткізу маңызды болады.

Тәулік бойы телефондарында тыным болмайтын саланың жұмысы қанша жерден қауырт болса да, көпшіліктің көңілінен шығу оңай емес, кейде олардың да «адрестеріне» сын айтылып жатады. «Жұмыс бар жерде ғана кемшілік болады» дегенді ескерсек, ара-тура айтылып қалатын сын-ескертпелерді де жұмыстың көптігінен, мәселенің күрделілігінен деп түсінген жөн. Дегенмен, кейде айтылып қалатын ұсақ-түйек кемшіліктерді де түзетуге болады. Жұртшылық көбіне жедел жәрдем қызметінің жұмысына көңілі толмай, шақыртуларға сала қызметкерлерінің кешігіп жететіндігі туралы сын айтатын. Соңғы уақытта осы орны толмас олқылықтарды болдырмас үшін денсаулық сақтау мекемелері жаңа жобаларды қолға ала бастады.

Міне, сондай игілікті бастаманы Шымкенттегі жедел жәрдем қызметі алғашқылардың бірі болып қолға алды. Мұнда қызметкерлер 100 пайыз сандық жүйеге көшіп, смартфонмен қамтылды. Бір сөзбен, медициналық қызметтер электронды жүйеге көшті. Осы арқылы жедел және шұғыл медициналық жәрдем бригадасын шақырту картасын, учаскелік дәрігердің дабыл қағазын және жедел медициналық жәрдем станциясының ілеспе парағын смартфонға енгізілді. Бұл дегеніміз жедел қызмет көрсететін бригадалар орталық стансаға келмей-ақ қолындағы смартфон арқылы тікелей шақыртуға бара алады. Міне, осылайша онсызда жұмысы қауырт саланың қызметкерлері біріншіден уақытты үнемдеп, екіншіден, қағазбастылықтан құтылды.

Айта кетерлігі, қаладағы жедел жәрдем мекемелерінің орталығында Call Center жұмыс істейді. Осы орталық арқылы жедел жәрдем көлігінің қай маңда жүргенін, нақты мекен-жайға неше уақытта жеткенін арнайы құрылғының көмегімен бақылап отыруға болады. Ғимараттағы үлкен экраннан бригадаларды да қадағалауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ 103-ке келіп түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер жаңадан ашылған орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылайды. Жаңадан ашылған колл орталықтың арқасында қоңырау қабылдау орындары екі есеге артқан.

Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Біріктірілген жүйе арқылы операторлар 10 секунд ішінде шақыртуды бригадаға бағыттайды.

Жыл өткен сайын жетілдіріліп келе жатқан Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы тоғыз бөлім, төрт филиалдан  тұрады. Ондағы ақ желеңді абзал жандар мегаполистегі миллионнан астам тұрғынға алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді.

Өткен жылы «Мейдей Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында 100 жаңа жедел жәрдем көлігі жеткізілді. Заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген жаңа көліктер бүгінде ел игілігі жолында жұмыс істеп жүр. Онда 12 каналдық электрокардиограф, науқастарға дем беретін кислородтық баллондар, автопульс аппараттары және жолда туылып қалған нәрестелерді межелі жеріне жеткізгенше аман-есен күтіп ұстайтын ыңғайлы инкубаторлық құрылғылар бар.

Иә, жыл өткен сайын «жедел жәрдем» қызметіне сұраныс артып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары көшелерде көлік қозғалысы артқан сайын оның кері әсері де болмай тұрмайды. Жол-көлік оқиғасынан кейін «жедел медициналық жәрдемнің» көмегіне жүгінуге мәжбүр болатындар да көп. Сол сұранысты қанағаттандыру үшін Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы жүз жаңа автокөлікпен толықтырылғанын жоғарыда айттық. Жаңадан келген «Хундай-Н 350» авкөліктері заманауи құралдармен жабдықталған. Тәулік бойы жұмыс істейтін жүз бригаданың 68-і фельдшерлік, 32-сі мамандандырылған  бригадалар.

Жедел медициналық жәрдем қызметіндегі осынау жаңа реформалар мен жетілдірулер бұл саланың жұмысын айтарлықтай жеңілдеткенін де айта кетейік. Халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істей бастаған саланың қол жеткізген оңтайлы көрсеткіштері де аз емес.

Өткен жылы елімізде пандемиялық ахуал біршама ушығып, медицина саласының қызметкерлеріне жүгінгендер де көп болды. Бірақ, жоғарыда атап өткен жаңа реформалардың нәтижесінде жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысы де бір жүйеге келіп қалғанын аңғару қиын емес.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, бұл саладағы жұмыстар өз жемісін бере бастады. Әрине, алғашқы медициналық жәрдем науқасты аман алып қалу жолындағы алтын уақытқа теңелетіні белгілі. Ендеше, осынау алтын уақытты тиімді пайдаланып, барынша дұрыс көрсеткішке жұмыс істеп жүрген «жедел медициналық жәрдемнің» жұмысына біз де жетістіктер тілейміз. Бірақ, одан да абзалы – ауырмау екенін ескерсек, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын жасап, салауатты өмір салтын ұстанғанымыз жөн болар.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.