«Жасыл аймақта» жүруіміздің өзін елеулі еңбектің жемісі деуге болады»

Біздің сұхбат. «Жасыл аймақта» жүруіміздің өзін елеулі еңбектің жемісі деуге болады»

Адам жанының арашашысы саналатын ақ халатты дәрігерлердің жұмысы қай кезде де оңай болған емес. Әсіресе, коронавирус атты індет әлемді әбігерге салып, ел жаппай аман қалудың амалын ойлап кеткен соңғы бір жылдан бері бұл сала қызметкерлеріне артылар жүктің салмағы еселене түсті. Қарбаласқа толы саланың тыныс-тіршілігін қаламға арқау ету мақсатында Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы «Облыстық клиникалық ауруханасы» МКК-ның бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша денсаулық сақтау магистрі, білікті басшы Елдос Сұлтановты сөзге тартқан едік.

–             Елдос Едігеұлы, бүгінгі сәті түскен сұхбатымызды өзіңіз басшылық етіп отырған аурухананың тыныс-тіршілігін таныстырудан бастасақ… Жалпы қандай жетістіктер бар?

–             Бұл аурухана тек облыс көлемінде ғана емес, еліміз бойынша да іргелі мекемелердің бірі саналады. Өйткені мұндай үлкен аурухана көп емес. Мұнда 900 төсек-орын, елуге жуық бөлімше бар. Оның жиырма жетісі клиникалық бөлімше болса, қалғаны параклиникалық бөлімшелер. Тағы бір айта кететін жайт, бұл аурухананың өзіндік ұзақ жылғы емдеу жүйесі қалыптасқан.  Іргесі қаланғанына 155 жыл толады . Әрине, бастапқыда кішігірім бөлімшеден басталып, қазіргі таңда екі мыңға жуық қызметкері бар үлкен ұжымға айналды. Жетістіктері жайлы айтар болсақ, заман талабына сай жетілдіріліп келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, менің еңбек жолымды бастағаныма да жиырма бес жыл болыпты, сол жылдармен салыстырғанда көп өзгеріс бар. Диагностикалау тәсілдері, емдеу әдістері, басқа да күрделі оталарды жасау жұмыстары біршама дамыды деуге болады.

–             Коронавирус пандемиясы көптеген елдер үшін үлкен сынақ болды. Бұл біздің елімізге де ауыртпалығымен келді. Әлемді дүрліктіргеніне бір жылдан асты, бірақ әлі де айылын жияр емес. Осы сынақтан сүрінбей өту үшін адамдар нені ескеруі керек?

–             Иә, өзіңіз айтып отырғандай бұл індеттің ауыртпалығы аз болған жоқ. Көптеген адамдардың ажалына себеп болды. Басқасын айтпағанда, осында жұмыс істеп жүрген бірнеше дәрігерлер, орта буын медбикелер де ойламаған жерден өмірден өтті. Әрине, өте ауыр жағдай. Ауырмау үшін адамдан не істеу керек дегенге келсек, әу бастан айтылып келе жатыр, бірінші сақтану керек. Сақтану дегеніміз ең бірінші тазалық, тәртіп, адамдар көп шоғырланатын жерге бармау, петперде тағу, ауырған жағдайда дер кезінде дәрігерді үйге шақыру… Жалпы, бұл талаптарды әр кезде есте сақтау керек.

–             Жыл өткен сайын ел дамып келеді. Елмен бірге медицина саласы да дамып келеді. Бұрынғымен салыстырғанда жұмыс біршама жеңілдеді ме?

–             Басқа салалармен бірге медицина саласы да дамып келеді. Мұны жаңа айтым. Бірақ, медицина дамығанымен аурудың түрлері де көбейген. Науқасты неғұрлым терең тексерген сайын, соғұрлым күрделеніп барады. Мысалы, бұрындары онкологиялық аурудан ажал құшатындар көп еді. Қазір заманауи аппараттардың арқасында алдын алуға мүмкіндік бар.

–             Қазіргі таңда адамдарды көбіне қандай ауру мазалайды?

–             Статистика бойынша алғы шепте қан-тамыр аурулары тұр. Қант диабеті де қауіпті аурулар қатарында. Генекологиялық аурулар да қауіпті саналады. Түрлі дене жарақатымен келетіндердің де қатары артқан екен. Қазір техника көп, жол-көлік оқиғалары да жиіледі. Одан бөлек құрылыс саласы қарқын алған соң ол жерде де белгілі бір деңгейде адамдардың жарақат алуына жол беріліп жатады. Ота арқылы өтіндегі тасты алдыратындардың да қатары артқан. Бұрын соқыр ішек алда тұратын, қазір осы аурулар алға шықты. Есесіне, туберкулез аурулары азайған.

–             Жүрек-қан тамырымен көбіне өзін күтпейтіндер, артық салмақтағылар ауыратын көрінеді. Жалпы, шамадан тыс семіру аурушаңдыққа алып барады деген түсінік бар. Бұл мәселе біздің бүгінгі қоғамда да өзекті болып тұр.

–             Иә, жаңа айтқан қант диабеті де, жүрек-қан тамыры аурулары да негізінен семіздіктен болады. Бауыр ауруы, ұйқы безінің бұзылуы, аяқ бұлшық еттеріне ауыртпалық түскеннен артроз, артрит аурулары осыдан шығады. Қазір дүниежүзілік практикада бариатрия деген термин пайда болды. Бұл семіздікпен куресу, артық салмақтан арылу дегенді білдіреді. Мұндай ота қазір өркениетті елдермен бірге біздің Қазақстанда да жасалады. Оның ішінде біздің ауруханада да жасылып жатыр. Адамның салмағы мен бойын өлшеу арқылы бариатриялық ота жасалынады. Яғни, денені кеспей, тесу арқылы аппаратты кіргізіп, асқазанның көлемін кішірейту және тамақтың сіңімділігін азайту. Нәтижесінде науқас бір жылда 40-50 келіге дейін салмақ тастайды. Бұл ота біздің хирургия бөлімінде жасалады, онымен медицина ғылымдарының кандидаты, білікті дәрігер Жеңіс Райымжанұлы айналысады. Жалпы, артық салмақтан арылу үшін әрекет жасау керек. Оның жолы, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу… Онда да болмаса біздің хирургия бөліміне келіп ота жасатуына болады.

–             Өңірдегі медицинаның жай-күйін жақсы білетін мамансыз. Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

–             Маман тапшылығы тек біздің Түркістан облысында емес, Қазақстан бойынша да бар. Жақсы маман жетіспейтінін жоққа шығармаймыз. Әсіресе, реаниматолог, балалар дәрігерлері педиатрлар, невролог және микрохирург мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ ешкім жақсы маманын бермейді. Сол үшін өзіміз дайындауымыз керек. Дайындағанда, медицина саласы бойынша білім алып жүрген студенттер арасынан болашақ мамандарды банып, одан әрі білімін жетілдіріп дегендей… Қазір барлық ауруханалар заманауи техникалармен жабдықталған. Онымен жұмыс істейтін мамандардың да біліктілігін арттырып, жұмыс істеп жатырмыз. Осы жерде айта кетсем артық болмайтын шығар, байқаған болсаңыз кешегі, бүгінгі карантин кезінде біздің облыс жасыл аймақта болды. Бұл біріншіден адамдардың сақтық шараларына сергек қарағандығынан болса, екіншіден медицина саласының жұмысын көрсетеді. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Орынбасарұлынан бастап, барлық әріптестеріміздің еңбегінің жемісі десек артық емес. Яғни, «жасыл аймақта» жүруіміздің өзі біз үшін үлкен жетістік деуге болады. Бірақ бұған тоқмейілсімей, алдағы уақытта жұмысты бұдан да ширата түсетін боламыз.

–             Дәрігер болғысы келетін жастар нені ескеруі керек?

–             Ең алдымен өз кәсібін шексіз сүйе білуі керек. Мен ойлаймын, әркімнің өз жүрек қалауы болады. Ешкімді мәжбүрлеп дәрігер ете алмайсың. Және нағыз дәрігер қанша қиын болса да бұл саланы тастап кетпейді. Мен бұл жұмысыма қосымша Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясында сабақ берем. Сонда байқағаным көптеген жастар медициналық білім алады да басқа салаға кетіп қалып жатады.

–             Бұл салада жүргеніңізге біраз жыл болды. Шәкірттеріңіз бар ма?

–             Өзіміз де талай ұстаздың алдын көрдік, енді соларды кейінгі жастарға үйретуіміз керек. Біраз шәкірттерім басшылық қызметте жүр. Біразы осында жұмыс істейді. Шет елге кеткендері де бар, бірақ әліге дейін хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрамыз.

–             Отбасыңызда бұл саланы таңдағандар бар ма?

–             Қарындасым осы саланың маманы. Жұбайым да дәрігер, генеколог. Үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Бірақ олар басқа саланы таңдады. Оларға «Неге олай?» деген жоқпыз, әркімнің өз қалауы болуы керек.

–             Өмірлік ұстанымыңыз…

–             Адам таза болуы керек, шыншыл болуы керек, мейірімді болу керек. Әкем үлкен қызметтер атқарды, анам бала тәрбиесінде болды. Өзіміз қазақи ортада, қариясы – қазынасы бар отбасында тәрбиелендік. Жастайымыздан бізге осыны үйретті, одан жаман болған жоқпыз.

–             Егер дәрігер болмағаныңызды қандай мамандықты таңдаған болар едіңіз?

–             Дәрігер болмағанымда… Әскери қызметкер ме, әлде заңгер ме болатын шығармын. Өйткені жаңа айтып өттім, жастайымыздан бізді өжет болуға, тәртіпті жүруге үйретті. Бірақ әркімнің өзінің жүрек қалауы болады, біздің қалауымыз осы сала болған екен, оған қуаныштымын. Халыққа қызмет етудің өзін үлкен бақыт деп білемін.

 

Сұхбаттасқан Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.