Тазалық тәртіптен басталады

Жариялылық – бүгінгі заман талабы.  Десек те кейбір тақырыптарға шектеу қойылып жатады. Әсіресе, адам тағдырына қатысты, көзден таса, көңілден оқшау ұсталатын мекемелер туралы, ондағы қызметтік құпиялар мен кейбір этикалық нормаларға байланысты «жабық мекемелердің» жай-күйі мен тыныс-тіршілігі ашық айтыла бермейді. Әйтсе де қоғамдағы кез келген жағдайдың ашық айтылуын қалап, кері әсер ететін тұстары болмаса, басқасының бәріне түсіністік танытуға тырысатын бүгінгі қоғамда жариялылықты құптайтындардың қатары көп. 

Расында да шынайы ақпарат көптеген келеңсіздіктің жолын кеседі. Кейде айтуға болмайтын анайы тақырыптар мен көрсетуге болмайтын келеңсіз көріністер әлеуметік желілер арқылы әлемді шарлап кетеді. Рас-өтірігі анықталмаған ақпараттың соңын ала түрлі қауесет тарайды. Жариялылықтың бір жақсы жері, міне осындай өсек-аяңның алдын алады.

Нақты дәлелдерге негізделмесе де ел ішінде жиі айтылатын тақырыптың бірі – психикалық денсаулық орталықтағындағы емделушілер жайы. Жасыратыны жоқ, көпшілік «Жындыхана» атап кеткен мекеменің жай-күйі жайлы былайғы ел жақсы айтпайды, әйтеуір. Бәлкім, мұндағы емделушілердің психологиялық көңіл-күйіне байланысты орын алатын сан түрлі жағдайлар мен оқыс оқиғалар шындыққа бергісіз өтіріктің өрттей қаулап, желдей есуіне түрткі болып жататын шығар. Ол аз десеңіз, жазушы-суреткерлердің қиялымен сомдалған түрлі кейіпкерлер де оқырманның бұл тақырыпқа құмарта түсуіне түрткі болып жатады. Айталық, жазушы Қуандық Түменбайдың «Қасқыр мен қояншық» әңгімесінде тірі пендеге сырын ашпайтын сырқау Міржақып ауыл сыртына барып ұлып қасқырға мұң шағады емес пе? Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» әңгімесі де түрлі ойларға жетелейді. Далада жалғыз жатамын деп жынданып кеткен Әділетті басты кейіпкер етіп алған автор оның тау-тастың арасындағы оқшау өмірін, қақпанға түскен қасқырға балық аулап беретін ақылдылығын, ақырында түз тағысын босатамын деп жүріп өзінің мертігетінін аянышты әңгімелейді. Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасын оқыған болсаңыз, түнұзағына аспандағы аймен сырласатын айкезбе Ләйләнің аянышты өмірі баяндалады. Ел жадында серілігімен қалған Біржан салдың өзін кезінде замандастары «біртүрлі» адамға балады емес пе? Бойындағы тума таланты буырқанған Біржан айдалада айқайлап өлең айтқаны үшін жынды атанады. Құлагерінен айырылған Ақан сері де біраз уақытқа дейін қайғыға батып, бүгінгі тілмен айтқанда «стресс» болады. Бірақ, қазақ әдебиетінде екеуі де сал-сері, көңілді кейіпкер ретінде ұнамды суреттеледі.

Иә, қалай айтқанда да, бұл – тағдыр. Өмірі өзгешелеу тағдыр иелерінің мекені болған «жабық мекеменің» бүгінгі жай-күйін сөз етудегі мақсатымыз – көркем шығармадағы кейіпкерлер мен шынайы өмірдегі науқастардың жағдайын салыстыру, қоғамдағы алып-қашпа әңгімелер мен оған қатысты мамандардың пікірін білу еді. Қашан да шынайы ақпараттың шоқтығы биік болады емес пе, бұл ойымызды жазбай түсінген орталықтың бас дәрігері Әмірхан Сәлімбеков қасымызға екі маманын қосып беріп, карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып танысып шығуға рұқсат берді.

Шымкенттен Сарыағаш бағытына қарай шыға берістегі «Сәуле» шағын ауданындағы Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының іргесі 1979 жылы қаланған екен.  Бастапқыда 400 орынға лайықталып салынған емдеу мекемесі одан бері заман талабына сай жаңартылып, жетілдіріліп келеді. Мұнда барлық құжаттар медициналық ақпараттық жүйеге көшірілген. Орталық күніне 120 келушіге арналған консультациялық–диагностикалық және бейінді тәуліктік 685 төсек орынға, күндізгі бөлім 10 төсек орынға есептелген. «Қазір бізде 685 төсек орын бар. Олар: 195 орынды үш ерлер бөлімшесі, 150 орынды екі әйелдер бөлімшесі және 35 орынды бір балалар бөлімшесі. Сонымен қатар, 35 орынды невроздар бөлімшесі, 70 орынды ерікті наркологиялық бөлімше, 60 төсек-орынды наркологиялық мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі және 30 орынды медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі жұмыс істейді. Одан бөлек, қарқынды терапия палатасы, Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әрқайсысында 60 орыннан психиатриялық бөлімшелеріміз бар. Орталықтың бейінді мамандарынан кеңес алу, орталыққа емдеуге жатқызу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, орталыққа келушілер психиатр-нарколог, психотерапевт, неврапатолог, психолог мамандарынан ақылы кеңес  және еміңізді сервистік қызмет көрсету (ақылы) палаталарында ала алады» деді сарапшы дәрігер Қуанышбек Мұқатаев.

Бас дәрігердің медициналық қызмет саласын бақылау бойынша орынбасары Зүлфия Қалиеваның айтуынша, науқасты емдеу үшін тек оның өзімен ғана емес, қоршаған ортасымен, ағайын-туыстарымен, отбасымен де жұмыс істеу керек екен. «Олардың көңіл-күйі жақсы болу үшін кейде ет-жақындарымен жиі жолықтырып тұруға тура келеді. Бұл ем кейде ұзақ уақыттан кейін нәтиже береді. Сол үшін ең алдымен шыдамды, сабырлы болуға кеңес береміз. Емхана ауласы көрікті болса ол емделушілерге де оң әсер етеді. Сол үшін айналаны қызыл-жасыл гүлге көмкеріп тастаймыз» дейді ол.

Иә, ғимараты ескі демесеңіз, күтімі жақсы екені кіреберістен-ақ көрініп тұр. Сұлулық, әсемдік емделушілердің көңіл-күйіне ерекше әсер ететіндіктен тазалыққа барынша басымдық бергенін аңғару қиын емес. «Мұнда басты талап – тазалық. Ал, тазалық бар жерде тәртіп, тәртіп бар жерде жұмыс та нәтижелі болады» деген білікті маман карантиндік жүйеге байланысты тәртіпті біраз қатаңдатқандарын да айтып қалды. «Әрине, емхана болған соң мұнда келіп-кетушілер көп. Сырттан келген науқас міндетті түрде толық тексерілуден өтеді. Ал оны тексеріп, нақты қандай ем жасау керек екенін анықтап, диагноз қоятын дәрігерлер де «лас аймақтан» «таза аймаққа» өтерден алдын бастан-аяқ киім ауыстырып, жуынып-шайынып шығады. Өйткені, мұнда мүмкіндігі шектеулі науқастар болғандықтан олар өздерінің ауырғанына, мазасызданғанына аса мән бермейді. Жұқпалы аурудың таралу қауіптілігі жоғары. Сондай-ақ, мұндағы тамақтың сапалылығына да өте қатты мән береміз. Және қай науқас қандай тамақты сүйсініп жейтініні, қандай тағамнан бас тартатынын да зерттейміз. Барлық бөлім меңгерушілерінің алдында бейнебақылау бар, сол арқылы өз емделушілерін бақылап отырады» деді З.Қалиева.

Мұнда әр науқастың көңіл қалауына қарай бос уақытын тиімді өткізуге де жағдай жасалған. Әр бөлімшенің ауласында өз алдына спорттық алаңшалары бар.

Бізді бастап жүрген сарапшы дәрігер Қуанышбек Мұқатаевтың айтуынша, медициналық–әлеуметтік бөлімшесінде немесе дәрігердің тағайындауына қарай еңбекпен емдеу (Еңбек терапиясы) үшін түрлі цехтарда жұмыс істеу мүмкіндігі де қарастырылған. Әйелдер жғы тігін машинкасымен іс тігіп, құрақ құрап, қол өнерін меңгерсе, ер азаматтар ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. «Кез келген адамды жұмыссыздық жалықтырады. Сол себепті біз қолында ебі бар, жұмыс істеуге ынталы емделушілерге мүмкіндік береміз. Оны үйрететін арнайы нұсқаушы маман жұмыс істейді. Ол әрқайсысының қабілетіне қарай қолөнерін ұштайды. Жақсы жұмыс істегендеріне жалақы төлеп, өмірге деген ынта-ықыласын арттырамыз. Бұл, біріншіден, алданыш болса, екіншіден – табыс. Әрі олардың ойлау қабілетін, іздену әрекетін шыңдайды» дейді ол.

Шеберхананы аралап көрген біз ол жердегі домбыра, ас үй ыдыстары мен түрлі бұйымдарды көрдік. Анадайда ағаш жонып, жұмыс істеп жүрген арнайы киімдегі адамды психикалық науқас деуге қимайсың. Қолындағы сызғышымен аппақ болып аршылған ағашты өлшеп тағы біреуі жүр. Дәрігер Қ. Мұқатаев олардың біршама оңалып қалғанын айтты. «Мұнда тағдырдың қатал сынына төтеп бере алмай, ауруға душар болғандар жиі келеді. Кейбір адамдар әлдеқандай ауыртпалыққа шыдамай араққа салынып кетеді. Наркологиялық ауруға шалдыққандар да болады. Оларды өмірге қайта бейімдеп, тазалыққа үйретіп, жаман нәрседен бойын аулақ ұстасақ, көп ұзамай жақсы болып кетеді» дейді ол.

Ел ішінде «психикалық орталық сау адамның өзін жынды етеді», «ол жердегі емделушілердің еркі өздерінде болмайды, тордағы тотықұс сияқты» деген сыңайда әңгіме айтылып жатады. Ел ішінде ол жер жаман екен деген сияқты сыңаржақ пікір қалыптасқан. Мұндай қауесеттің қайдан шығатынын сұрағанымызда Қуанышбек Мұқатаев: «Қазір, барлық бөлмеде бейнебақылау бар. Негізсіз айыптаудың кесірі кейде адамдарға тиіп жатады. Өйткені, жаңағыдай сөзді естіген психикалық немесе наркологиялық ауруға шалдыққандар мен алкогольдік ішімдікке салынғандар өздігінен келіп емделуге қорқады. Содан ауруын асқындырып алады. Қауесетке сенбей, қайта дер кезінде келіп емделсе» дейді дәрігер.

Иә, бәрі жақсы-ау, бірақ… Мейлі ол дәрігер болсын, басқа болсын, біреудің қарамағына жіпсіз байлану, үнемі соның бақылауында болу еркіндікті аңсайтын адам боласы үшін үлкен азап екені айтпаса да түсінікті. Тағдыр-талайы біреудің қолына қараған мұңлықтар, мың жерден жағдайы жасалса да, бәрібір бір нәрсе жетпейтіндей сүлесоқ қарайды.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ