Облыстық аурухана үздік атанды

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің мерекесі. Осынау мереке қарсаңында еліміздің бас қаласынан ақжолтай хабар жетті. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен өткен айтулы байқауда Түркістан «Облыстық клиникалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны еліміз бойынша үздік аурухана деп танылды.  

Осылайша облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек көрсететін өңірдегі жетекші медициналық орталық Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммитінде еліміздің медициналық ұйымдары арасында «ALTYN SHIPAGER» ұлттық сыйлығының «Үздік көпбейінді облыстық аурухана» атағына ие болды. Сондай-ақ, ұжым басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Елдос Сұлтанов мереке қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Иә, үздік атанып отырған мекеменің бұған дейін де бағындырған белестері аз емес. Еліміздегі ең іргелі медициналық ұжым ретінде аталып жүрген ауруханың тарихы тым тереңде жатыр. 1868 жылы Шымкент Сырдария облысының уездік қаласы болып қайта құрылғаннан кейін лазаретке уездік дәрігер лауазымы және оған қосымша фельдшер мен акушер мамандары бөлінеді. Он жеті жылдан кейін 21 төсектік аурухана үшін жаңа ғимарат салынып,  оның жеті төсек орны жергілікті тұрғындарға арналады. 1907 жылдың жаз айында госпиталь ауруханаға айналып, төсек орын саны артып, жаңадан бірнеше бөлімше ашылады. Кейін халық санының артуына байланысты 1925 жылы бұрынғы лазареттің жөнделген ғимаратында 100 орындық губерниялық аурухана пайдалануға беріледі. Мұндағы қолы шипалы дәрігерлердің дәреметімен аты кеңінен танылып, 1947 жылға дейін қалалық аурухана болып есептелгеніне қарамастан бүкіл облыстың түкпір түкпірінен келіп, емделушілер саны арта түседі. Содан көп ұзамай облыстық денсаулық сақтау бөлімінің №264 бұйрығымен оны қалалық емханамен біріктіріп «облыстық аурухана» деген мәртебе беріледі. Бұл кезде мұнда 125 төсек бар еді. 1968 жылы тағы ұлғайтылып, кең палаталары мен кабинеттері бар заманауи құрылғылармен жабдықталған көп қабатты ғимараттар кешені іске қосылды. Бүгінгі таңда аурухана 850 төсек орынмен еліміздегі ең үлкен ауруханынаның бірі саналады. Сегіз корпусқа орналасқан мұнда 28 клиникалық бөлімше, 2 анестезиология және реанимация бөлімше, 5 кеңестік-диагностикалық емхана және 4 ақылы бөлімше бар. Сондай-ақ, құрамында эндокринологиялық бөлімшесінің реанимациялық төсектері де халыққа қалтқысыз қызмет етеді.

Міне, осындай іргелі ұжымнан тұратын медициналық мекеме құрал жабдықтары жағынан да, маман-қызметкерлерінің біліктілігі тұрғысынан да көш басынан көрініп келеді. Соның айқын дәлелі ретінде таяуда ғана қол жеткізген жетістігі  – «Үздік көпбейінді облыстық аурухана» деп танылып, «ALTYN SHIPAGER» ұлттық сыйлығының иегері атанғанын айтуға болады. Бұл тек сол ұжымның ғана емес, облысымыздың да мәртебесін асқақтата түскенін айта кетейік.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ