«Фосфор» ауруханасына – 45 жыл: ТӘЖІРИБЕ, ҒЫЛЫМ және БІЛІМ!
Гүлжан Нұрбекқызы ДОСЫБАЕВА – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Жалпы тәжірибелік дәрігер-2» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі. Ол, сондай-ақ, Фосфор ауруханасы туралы алғашқы зерттеушілердің бірі. Бүгін ғалым-дәрігердің «Фосфор» ауруханасының тарихы туралы жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
- 1976 жылы 11 мың жұмысшысы бар Фосфор зауыты өз қаражаты есебінен медициналық бөлімді салып, оны Шымкент қалалық денсаулық сақтау бөлімінің балансына өткізеді.
- Аурухана 320 төсек—орны бар стационардан, екі қалалық аумақтық, бір зауыттық емханадан және жеті бөлімшеден құралды.
- 1983 жылы «Фосфор» ауруханасы жанынан Шымкентте 120 төсекті алғашқы типтік перзентхана ашылды.
- 1988-2013 жылдар аралығында аурухананы медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Байдәулет басқарды. 1995 жылы «Фосфор» ауруханасы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ медицина факультетінің оқу және клиникалық базасына айналды.
- 1996 жылы қала әкімінің шешімімен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ—түрік университеті медицина факультетінің жоғары курс студенттерінің оқуы мен практикасын ұйымдастыру үшін университеттің басқаруына өтті.
- 2013-2017 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы 2015 жылы ҚР Ұлттық бизнес—рейтингінің нәтижелері бойынша «Сала көшбасшысы» болып танылды.
- 2016 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Сенатының – жоғары басқару органының шешімімен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы облыстың коммуналдық меншігіне қайтарылды. Осылайша клиника негізінде қазіргі Шымкент қаласының №2 ауруханасы құрылды.
КАДРЛАР ҰСТАХАНАСЫ
2021 жылдың ақпан айында Шымкенттегі «Фосфор» ауруханасының құрылғанына 45 жыл толды! Ковид инфекциясының салдарынан аурухана ұжымы бұл мерейлі әрі маңызды датаны биыл атап өтуде. Бүгінде №2 қалалық аурухана деген атауға ие мекеменің перзентханасы, емханасы және көпсалалы стационары бар.
Сонымен, тарихқа қысқаша көз жүгіртсек. Дәрігерлік жұмысым учаскелік дәрігер-терапевтен бастап Оңтүстік Қазақстан облысының осындай ірі денсаулық сақтау мекемесінің басшысы болып қызмет атқаруым «Фосфор» ауруханасымен тікелей байланысты. Менің ғылыми жұмысым да осы ұжыммен байланысты болды. Клиника қабырғасында өткерген жылдар өмірім мен жұмысымның ең бақытты кезеңі деп айтсам артық емес. Клиника нағыз басшы кадрлар даярлайтын ұстахана болды. Көптеген жас маман медициналық институтты бітіргеннен кейін клиникаға жұмысқа тұрып, тәлім-тәрбие алды, қызметтік мансаптары клиникамен тығыз байланысты болды. Мәселен, Лаура Ахметниязова алғашқы еңбек жолын осы ауруханың емханасында 1993 жылдан 1995 жылға дейін учаскелік терапевт-дәрігер ретінде жақсы қызмет етті. Қазір ол ҚР Денсаулық сақтау министрілігінің тауарлар мен медициналық қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын комитет төрағасының орынбасары. Ал, еңбек жолын қатардағы невропатологтан бастаған Сейітжамал Пәкеев еңбекқорлығы мен талантының арқасында медицина ғылымдарының кандидаты атанып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне дейін көтерілді. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқаруда. Сондай-ақ, медицина ғылымдарының кандидаты Гауһар Үкбаева перзентхананың балалар бөлімінің меңгерушісінен Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне дейін өсті.
Ал медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Нәзира Жарқымбекова невропатолог дәрігерден ОҚМА неврология кафедрасының меңгерушісі және Түркістан облысының бас штаттан тыс невропатологы. Шәкизат Халықова әйелдер консультациясы бөлімінің меңгерушісінен бастап ҚР ДСМ ана мен бала бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Светлана Анатольевна Волович – тамаша офтальмолог, көзге ота жасаудың үлкен маманы.
Қазіргі таңда олар өз саласының танымал мамандары мен елдің жетекші ғалымдары. Олардың есімдері бүкіл Қазақстанға белгілі және біз оларды мақтан тұтамыз!
«ГУМАНИЗМ, ЖОҒАРЫ КӘСІБИЛІК ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК!»
Мұндай ұранды ұжымдағы жұмыстың негізін қалыптастырған, клиника жетістігінің басты формуласы, өмірден алынған принциптерді біздің үлкен ұстазымыз, профессор Иманәлі Оспанұлы Байдәулет енгізген болатын. Науқастарды шұғыл қабылдау барысында олардың тағдыры үшін барлық жауапкершілікті «Өзіме алу!» қағидасын қатаң ұстандық. Ешбір жағдайда «Өзінен кері емес!» Бұл қағиданы клиниканың барлық қызметкерлері білді және мүлтіксіз орындады. Жас дәрігерлерден қатаң талап етілді, интерн-дәрігерлер осылай дәріс алып өсті. Бұл барлығымызға міндетті ұстаным болды.
Зауыттың қаражатына салынған «Фосфор» ауруханасы 1976 жылы ақпан айында ашылып, Шымкент қаласының денсаулық сақтау бөлімінің балансына берілген. Аурухананың ашылуы КОКП-ның кезекті XXV съезінің ашылуымен тұспа-тұс келді. Облыс медицинасының сол кездегі басшысы, ОҚО облыстық денсаулық сақтау басқармасын ширек ғасыр бойы басқарған А.Жақсыбаев аурухананың салтанатты ашылу жиналысында сөз сөйлеп, қызыл лентасын қиған еді. Көпсалалы аурухана құрамында барл ы ғ ы 3 2 0 төсекті терапия, хирургия, жұқпалы аурулар, урология, гинекология, лор, аллергология бөлімшелері, екі қалалық аймақтық емхана және зауыт аумағында орналасқан емханасы болды. Алғашқы бас дәрігер медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау ісінің белгілі ұйымдастырушысы, хирург және ғалым И.Р.Юнусметов болды. Көптеген ұйымдастыру жұмысын атқара жүріп, аурухананың бүкіл аумағын абаттандырды, көгалдандырумен айналысты.
«Фосфор» ауруханасы ұйымдастырылған күннен бастап клиника құрамында тамаша дәрігерлер, денсаулық сақтау саласының танымал ұйымдастырушылары жұмыс істеді. Мысалы, аллергология бөлімшесін сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті И.Ф.Друбич, содан кейін дәрігер Галина Васильевна Чиркина басқарды. 1979 жылдың 2 қаңтарында 60 төсек-орны бар профпатология бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімшеге ұзақ жылдар бойы тамаша дәрігер, педагог, кәсіби аурулар маманы Гүлзия Ибрагимқызы Абралиева меңгерушілік етті. 2004 жылдан бастап кәсіби патология бөлімін Г.К.Зайнуллина басқарды.
ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ БАЗАСЫ
1983 жылы аурухана базасында ашылған, 1996 жылдың маусымында жабылғанға дейін қарқынды жұмыс атқарған, Алматы қаласындағы Өлкелік патология ҒЗИ-дың кәсіби аурулар бөлімдерінің ашылуы ұжымдық жұмысқа жаңа серпін берді. Ол көптеген жылдар бойы «Фосфор» емханасы қала және облыс дәрігерлері үшін озық тәжірибе базасына айналды. Қаламыздың ірі емханасын 14 жыл бойы бас дәрігердің емхана жұмысы жөніндегі орынбасары, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», қалалық денсаулық сақтау бөлімінің амбулаториялық-емханалық жұмыс жөніндегі штаттан тыс бас маманы Л.П.Когай басқарды.
Қала әкімінің 10.07.1996 ж. №1029 шешімі негізінде «Фосфор» қалалық ауруханасы ХҚТУ клиникасы болып қайта құрылып, «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары курс студенттерін оқыту мақсатында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің сенімді басқаруына берілді. Клиника директоры, профессор И. Байдәулет қосымша медицина факультетінің деканы болып тағайындалды.
Университеттің бірінші ректоры, академик, қазіргі ҚР Ғ А п р е з и д е н т і М.Ж.Жұрыновтың және клиника директоры, м.ғ.д., профессор И.О.Байдәулеттің бастамасымен Түркия мамандарымен республикамызда тұңғыш рет ауқымды бірлескен жұмыс атқарылды. Бұл акцияны университеттің Өкілетті кеңесінің Төрағасы, Түркия Республикасының мемлекет қайраткер і, д о к тор, проф е с с о р Намық Кемал Зейбек мырза қаржыландырды.
1997-2005 жылдар аралығында әлемге әйгілі доктор, профессор Н.К.Баран бастаған «Интерпласт-Түркия» халықаралық ұйымының дәрігерлері «Дәрігерлер бейбітшілік үшін» халықаралық бағдарламасы аясында клиника базасында облысымыздың әртүрлі туа-бітті ауытқулары бар балаларына мыңнан астам тегін пластикалық ота жүргізді. Сондай-ақ, бір жарым мыңнан жоғары тегін консультация мен облыс дәрігерлеріне арналған бірнеше ғылыми конференция ұйымдастырды. 2005 жылдың маусым айында Астана қаласында клиника дәрігерлері Түркия Республикасының ең үздік 10 профессор, докторынан тұратын топпен бірлесіп, тегін, еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген науқас балалар мен ересектерге 64 күрделі пластикалық ота жасады. Қазақстан өңірлері мен елорда дәрігерлеріне дәріс оқыды. Мамандар бригадасын Денсаулық сақтау министрі Е.Досаев жеке қабылдады. Осы жұмыстың арқасында республикада алғаш рет пластикалық және реконструктивті хирургия саласын дамыту, мамандар мектебін ұйымдастыру бойынша елеулі жұмыс басталды. Түркия Республикасының үздік университеттік клиникаларында университеттің 20-дан астам түлегі, оның ішінде клиниканың жас мамандары білімін жетілдірді. Олардың көпшілігі қазіргі таңда Түркістан қаласының клиникалық-диагностикалық орталығында және Астана мен Алматы қалаларының үздік клиникаларында жұмыс істейді. Бұл ірі медициналық акция кейіннен университеттің құрметті басшылары президенттер, белгілі ғалымдар, профессорлар С.Пірәлиев, Л.Тәшімовтің басшылық ету жылдарында да жалғасын тапты.
ТЕР ТӨККЕН 4 ЖЫЛ
2013 жылдың наурыз айында 58 мыңға жуық шымкенттіктерге қызмет көрсететін университеттік клиниканың мәртебесін одан әрі арттыру мақсатында сол кезеңдегі үлкен көпсалалы клиниканың басшысы ретінде осы маңызды міндетті маған атқару жүктелді. Клиникада өткен жылдар ішінде өте тату және кәсіби біліктілігі жоғары пікірлестерден құралған, кез келген жағдайда мол сенім артуға болатын ұжым қалыптасқан болатын. Сол себептен біз біртұтас отбасындай жұмыс істедік. Әкімшілік-шаруашылық блок (Қ.Шалмуханбетов, С.Абиев, Р.Қайназаров), бухгалтерия (бас бухгалтер Ш.Өскенбаева, Н.Тулебекова, экономистер Л.Ю.Килдеева, М.М.Агилова), ауруханаішілік дәріхана (меңгеруші А.Тоқсейітова, А.Алибаева) үйлесімді жұмыс істеді. Клиникада санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы режим (дәрігер-эпидемиолог К.Анапияева) қатаң сақталып отырды. Кадрлар бөлімінің бастығы П.Тұрғынбаева, Ж.Оспанова және барлық шаруашылық қызметкерлері өздерінің функционалдық міндеттерін нақты орындады.
Клиникада Қазақстан Республикасының 15 денсаулық сақтау үздігі, медицина ғылымдарының 2 докторы мен 9 кандидаты, біліктілігі жоғары санатты 73 пайыз дәрігерлер және 68,9 пайыз медбикелерден тұратын клиника штатында 975 қызметкер жұмыс істеді. Мұндай кадрлық әлеуетпен бізге қарқынды дамып келе жатқан медициналық қызметтер нарығында бәсекелесу анау айтқандай қиын болған жоқ. Науқастар клиниканың дәрігерлеріне сенім артып, емдеу-профилактикалық мекемені таңдау құқығы көп жағдайда біздің клиниканың пайдасына шешіліп отырды. Жоспар бойынша бір ауысымда 500 ересекті және 200 баланы қабылдау керек болса, іс жүзінде біз – 750, ал, көп жағдайда одан да көп науқасты қабылдадық.
1989 жылы клиника үшін Фосфор зауытының қаражатына қала мен облыс бойынша алғаш рет льтрадыбыстық аппарат пен фиброгастроскоп (Жапония) сатып алынды. Босандыру қызметі емхананың акушерлік-гинекология бөлімшесінен, перзентхана бөлімшесінен тұратын. Перзентханада жыл сайын 3 500-ге жуық жаңа туған нәресте дүниеге келетін.
Клиниканы басқарған жылдарды қуанышпен еске оралатын жәйт, басқарушы органдарға клиниканың дәрігерлері, медбикелері мен акушерлердің үстінен дөрекілігі мен немқұрайдылығы туралы бірде-бір шағымның болмауы бірінші Құдайдың, екінші дәрігерлер, акушер- гинекологтар еңбегінің, жалпы ұжымның арқасында бірде-бір ана өлімі, яки болмаса науқастың өліміне әкеліп соғатын дәрігерлердің кінәсі тіркелмеді.
2015-2016 жылдары біздің кінәмізден емес, клиниканың материалдық-техникалық базасы, оның заңды мәртебесіне байланысты позициялардың басқа ауруханалардан төмен түсе бастағаны байқалды. ҚР Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінетін қаражат тек нысаналы мақсат бойынша қатаң пайдаланылды және күрделі жөндеуге, заманауи жабдықтарды сатып алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсауға заң жүзінде рұқсат болмады. Естеріңізге сала кетейін, ОҚО мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі аумақтық комитетінің 1996 жылғы 10 шілдедегі №675 қаулысына сәйкес университет клиниканы басқаруда өкілетті орган және оның жалғыз құрылтайшысы болды.
КОММУНАЛДЫҚ МЕНШІККЕ ӨТКІЗУ ҚАРЕКЕТІ
2008 жылы ҚР Бюджет кодексін қабылданғаннан кейін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы даму баптары бойынша университет тарапынан да, қала бюджетінен де қаржыландырылған жоқ. Мен осы тұйық шеңберді бұзуға әрекет жасап, Денсаулық сақтау министрлігіне, ҚР Білім министрлігіне, ХҚТУ құрылтайшыларына бірнеше рет хат жүзінде жүгініп талап қойдым. 2014-2017 жылға арналған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасын дамыту және жаңғыртуға бағытталған, ҚР БҒМ және ҚР ДСМ-де бекітілген, барлық бөлімшелердегі жабдықтар тізбесі көрсетілген стратегиялық жоспарды әзірледім. Барлығы 33 хат барлық жоғары тұрған инстанцияларға жіберілді. Ұжым мен қала халқы Үкіметке, тіпті Қазақстан Республикасы мен Түркия Президенттеріне клиниканы мемлекетке, яғни облыстық коммуналдық меншікке қайтару туралы өтініш білдіріп, хат жолдады. Мен клиника ұжымына олардың сол қиын кезде маған көрсеткен сенімі мен құрметіне, бірге болып түпкі мақсатқа қол жеткізе алғанымызға әлі де ризамын. Клиниканы мемлекетке қайтару туралы мақсатымыз орындалды. Нәтижесінде ірі емдеу мекемесі қаланың коммуналдық меншігіне берілді және басқа қала ауруханалары сияқты жалпы негізде қаржыландырыла бастады.
Клиника ұжымы, біздің қадірлі дәрігерлерміз өткен жылдар ішінде жүздеген мың науқастың денсаулығын қалпына келтірді. Олардың жанқиярлық еңбегі мен ауруларға деген сүйіспеншілігі біздің аурухананың даңқын арттырды. Олардың әрқайсысы сонымен қатар аурухананың жаңа басшылығы осы мерейтойда ең жылы сөздер мен тілектерге лайық деп санаймын.