ОТЫРАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНДА ОҢДЫ ІСТЕР КӨП

Іргесі осыдан жарты ғасыр бұрын қаланған Отырар аудандық орталық ауруханасын осы маңдағы емдеу мекемелерінің қарашаңырағы деуге болады. Қаншама білікті дәрігерлер жұмыс істеп, мыңдаған науқастың сауығып шығуына септігін тигізген емдеу орталығында бүгінгі таңда да өз ісінің білгір мамандары көптеп жұмыс істейді. Төрт жыл бұрын жаңа, заманауи ғимаратқа көшіп өткен мекеме бүгінгі заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жыл өткен сайын жаңа құрылғылармен толығып, қызмет көрсету сапасын арттырып келе жатқан ұжымды бүгінде Еркін Нұрлыханов басқарып отыр.

Мұнда «ALAQAN» жүйесі орнатылған. Бас дәрігер Еркін Болатұлының айтуынша, бұл адамның қолындағы белсенді қан тамырларының суретін тануға негізделген биометриялық аутентификациясының қазақстандық патенттелген кешенді шешімі. «CifrON» IT компаниясы өзінің әзірлемесін алғаш рет Қазақстан нарығына шығарып отыр. Онда да Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының «Отырар аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ге енгізді.
Бас дәрігердің айтуынша, белсенді қан тамырлар терінің астында терең орналасқандықтан өмір бойы өзгермейтін ерекше қасиетке ие. Пайдалану ыңғайлылығы – «кілт» әрқашан пайдаланушымен бірге, көзге көрінбейді, сәйкесінше көшіруге және үшінші тұлғаның пайдалануына жол бермейді. Сондай-ақ, бұл құрылғы арқылы қызметкерлердің жұмысқа қай уақытта келгенін анықтауға да болады Жаңа технология биометриялық деректерді танудың басқа жүйелерімен салыстырғанда аса дәлдік пен жылдам анықтауға бағытталғанын да айта кетейік. Мұндай құрылғы алдағы уақытта басқа медициналық мекемелерге де орнатылмақ.
Мұнда көз ауруларын емдеу де жаңа технологиямен жүзесе асырала бастаған. Рас, кейінгі кезде адамдардың жаппай смартфонға үңілуі көз ауруын тым «жасартып» жіберді. Сол үшін көз ауруларын ерте анықтап, алдын алу маңызды мәселеге айналып отыр. Осы мақсатта ауданға «EyeSee» офтальмологиялық аппараты әкелінді. Бұл аппараттың артықшылығы – нүктені жақындату арқылы көздегі жеті түрлі, яғни, глаукома, көз меланомасы, гипертониялық ретинопатия, жасқа байланысты макулярлық деградация сынды ауруларды анықтай алады. Окулисттер жасанды интеллект алгоритмдерін қолданудың арқасында диагноз қою біршама жеңілдегенін айтады.
Иә, Түркістан облысы бойынша ЭКГ-ны диагностикалауды қашықтықтан енгізуге арналған жүйе қолға алынғаны белгілі. Осы орайда Отырар ауданына да ЭКГ аппараты әкелінді. Бұрын ауыл халқы ЭКГ қызметін тек қалаларда немесе орталық ауруханада ғана алуға мәжбүр болса, енді әрбір тұрғын өз ауылында тұрып-ақ ЭКГ аппаратының нәтижесін біле алады. Ол үшін науқас ЭКГ кабинетіне бармас бұрын медбикеге көрініп, жағдайын айтады. Медбике электродтарды қояды, науқасты журнал тізімінен таңдайды және сандық сигналды жазады. Жазылған сигнал функционалды диагностика дәрігерінің интерфейсіне түседі. Дәрігер ыңғайлы интерфейстер мен алдын-ала есептеулер арқылы қорытынды жасайды. Науқасқа диагноз қойып, дәрі-дәрмек тағайындап, емделу үшін жолдама бере алады.
Бұл Ұлттық жобалық кеңсе жобаларының тізіліміне енген және «қашықтықтан медициналық қызметтерді енгізу» шарасы аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жетекшілік етеді.
Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін оның денсаулығын анасының құрсағында жатқанда қамқорлыққа алып, толық бақылау қажет. Ол үшін ана мен дәрігер тығыз байланыста болуы тиіс. Ал, аналар үшін қуанышты жаңалық – таяуда «Super mama» қосымшасы іске қосылмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дің ғалымдарымен бірігіп жасалынған бұл бағдарламада әрбір аймақтық дәрігер болашақ аналардың телефон нөмірлерін WEB порталына тіркейді. Сол арқылы әрбір ана тәулік бойы дәрігерлерден онлайн кеңес ала алады. Қосымшада ана мен баланың  бір жылдық денсаулығы бойынша мәліметтер де сақталады. Бұл бір жағынан дәрігердің жұмысын жеңілдетсе, екінші жағынан аналардың алтын уақытын үнемдеп,  дәрігердің кеңесін телефон арқылы алуға мүмкіндік туғызады. Бір жақсысы, тәулік бойы қызмет ететін бұл қосымшада аналарға қажетті барлық мәліметтерді тегін ала алады.
Бұл қосымшаның тағы бір ерекшелігі – науқас жедел жәрдем шақырып әуре болмайды, егер жағдайы нашарлағанын сезінсе арнайы қосымшаға кіріп «SOS» батырмасын үш секунд басып тұрса жеткілікті. Қосымша өзі тез арада дәрігермен байланысқа қосады. Ары қарай аймақтық дәрігер қосымшаға тіркелген науқастың жақындарына телефон соғу арқылы жағдайды жеңілдете алады. Яғни, алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Шағымдар мен өтініштерді де қосымша арқылы жіберуге болады. Бір жақсысы, қосымша арқылы жолданған барлық өтініштер жауапсыз қалмайды.
Барлық деректер мен тапсырылған анализдер жүйеге жазылып, көрсетіліп тұрғандықтан науқастың көңілінде күмән болмайды. Күрделі жағдайларды білікті мамандармен кеңесу де оңай, жергілікті дәрігерлерге институттың медициналық сарапшыларының қолдауын пайдалануға мүмкіндігі бар.
Жоғарыда атап өткен аппараттардың қызметтері МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар қағазбастылықтан құтқарады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған жоба халық үшін де, дәрігер үшін де тиімді болмақ.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов пен Отырар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Еркін Нұрлыхановтың бастамасымен биыл тамыз айында «Жастардың денсаулық орталығы» ашылды. Игі істердің ұйытқысы болып жүрген аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов бұл орталыққа арнайы орын берді.
Айта кетейік, Отырар ауданындағы халықты тіркеу порталында 47714 адам бар. Оларға 13 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 медициналық тірек, 470 дәрігер қызмет көрсетеді.
Биылғы ақпан айынан бүгінгі күнге дейін 26556 тұрғын екпе қабылдап, Отырар ауданы екпе қабылдаудан облыс бойынша екінші орында тұр. Ал, инфекциялық стационарда екі инфекционист, бір пульмонолог және терапевт, кардиолог, реаниматолог қызмет атқарады. Ауылдық дәрігерлік-амбулаториялық емханалар кислород, оттегі концентраторлары және пульсоксиметрлермен қамтамасыз етілген. Аудандық ауруханада 11 ИВЛ аппараты, 42 оттегі концентраторы, 130 пульсоксиметр, ауруханада екі, емханада бір рентген аппараты бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы жолдауында «Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс» деп атап өтті. Жолдау жүктеген міндеттер жүзеге асып жатыр. Бұған дейінгі тапсырмалар да өз кезегімен орындалып келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде Отырар аудандық орталық ауруханасында атқарылып жатқан оңды істерді айтуға болады.
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Отырарский район