ІРГЕЛІ ҰЖЫМ мақтаулы мамандары көп аурухана

Миллионнан астап тұрғыны бар ірі мегаполист – Шымкент қаласында іргесі сонау өткен ғасырда қаланған қарашаңырақ мекемелер аз емес.

Соның бірі бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№2 қалалық аурухана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны деп аталатын, бұрынғы Фосфоршылар ауруханасы десек артық айтқандық емес. Бұл аурухана жыл өткен сайын заман талабына сай жаңарып, заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып, дертіне дауа іздеген науқастардың ертерек сауығып кетуі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Біз бүгін іргелі ұжым басшысымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

  • Асқар Мұратұлы, сәті түскен сұхбатымызды өзіңіз басшылық етіп отырған қарашаңырақ мекеменің тарихынан бастасақ. Қай жылы құрылды, құрамында қандай қызметкерлер болды?
  • Иә, өзіңіз айтып отырғандай, бұл аурухананың тарихы өткен ғасырдың екінші жартысынан басталады. Дәлірек айтсақ, 1976 жылы ақпан айында «Фосфор» медициналық санитариялық бөлімі атауымен қолданысқа берілген. Мұнда алғашқыда 320 төсек орындык стационар болған. 1983 жылы Алматы қаласындағы Ғылыми зертеу институтының өлкелік профессионалды патологиялык ауруға шалдығудың алдын алу бөлімі ашылып, 1996 жылғы маусым айына дейін жұмыс істеді. 1983 жылы жаңа үлгідегі 120 төсек орындык перзентхана бөлімі ашылғанын да айта кетейік. Ал, 2011 жылы наурыз айынан 66 төсек орынға есептелген перинаталдык көмектің I денгейдегі босану бөлімшесіне ауыстырылды. 1995 жылдан 1996 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының медицина факультетінің оку клиникалық базасы саналған. Шымкент қаласы әкімінің «Фосфор» өндірістік бірлестігінің медициналық-санитарлық бөлігінің қалалық клиникалық ауруханасын Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің балансына беру туралы» 10.07.1996 жылғы №1029 бұйрығы негізінде және «Шымкент қаласында Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ медициналық факультетінің клиникасын ашу туралы» 11.07.1996 ж. №1-391 бұйрығын орындау мақсатында 11.07.1996 жылдан бастап «Фосфор» өндірістік бірлестігінің медициналық-санитарлық бөлімі «Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің» клиникасы болып қайта құрылды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 13.03.2017 жылғы N39 қаулысымен «Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ» Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасы» МККҚ болып қайта құрылды. Ал, 04.04.2018 жылы облысы әкімінің №5 қаулысымен ОҚО денсаулық сақтау басқармасының «Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып қайта құрылса, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 28.08.2018 жылғы №128 қаулысымен ОҚО денсаулық сақтау басқармасының «Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№2 қалалық аурухана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып қайта құрылды.
  • Бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсаңыз. Байқауымша, аурухана күрделі жөндеуден өткен көрінеді. Қандай жаңа, заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілді?
  • Ауруханаға 45 жылдан кейін Шымкент қалалық әкімшілігінің және Шымкент қаласының денсаулык сақтау басқармасының демеуімен 2020-2021 жыл аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін аурухана құрамында 30 төсек орынды инсульт орталығы, компьютерлік томограф және ангиография бөлімшелері ашылды. Жаңа үлгідегі УДЗ, цифрлы рентген аппараттары алынды. Сондай-ақ, гинекология бөлімшесі Шымкент қаласының Қаратау, Еңбекші аудандарының тұрғындарын жедел түрде қабылдауды бастады.

Ангиография аппараты да науқастардың тез айығып кетуіне көмектесуде. Әлемдік деңгейдегі жоғарғы технологиялық медициналық қызметтердің нәтижесінде тромбоишемиялық және геморрагиялық инсульт алған науқастарды емдеу жеңілдеді. Енді кардиоинтервенциялық, гепатобиллиярлы қан тамырларына жоғарғы технологиялық медициналык қызметті іске асыруды қолға алып жатырмыз.

Аурухана құрамында 50 000 мыңға жуық халық тіркелген емхана бөлімі жұмыс істейді. Одан бөлек, аурухананың перзентхана бөлімшесі перинаталдық көмектің III деңгейін көрсетуді жоспарлап отыр.

  • Өзіңіздің өмір жолыңызды, бұл салаға қалай келгеніңізді де айта отырсаңыз. Жалпы, дәрігер болу қиын ба?
  • Мен 1999-2005 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтағанмын. 2005-2006 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында «Травматология» мамандығы бойынша 1 жылдық интернатурадан, 2007-2009 жылдары А.Н. Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясының Ұлттық орталығында «Жүрек-қан тамырлары хирургиясы» мамандығы бойынша клиникалық ординатурадан өттім. 2009 жылдың тамыз айымен желтоқсан айы аралығында, яғни төрт ай Семей мемлекеттік медицина университетінің Павлодар филиалында «Кардиология» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өттім.

Еңбек жолымды 2009 жылы 15 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталығында рентгенхирург дәрігері қызметінде бастап, 2012 жылғы 28 желтоқсаннан бастап ангиографиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. 2015 жылы Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетін «Экономика» мамандығы бойынша оқып, қосымша білім алдым.

2020 жылғы 9-қарашадан бастап №2 қалалық ауруханасында бас дәрігердің медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, 2021 жылғы 19-шілдеден бастап осы ауруханының бас дәрігерінің міндетін атқарушы қызметін атқарудамын. Осы жылы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша денсаулық сақтау магистрі дәрежесімен аяқтадым.

Ал, дәрігер болу қиын ба деген сұрағыңызға келер болсақ, қандай мамандық болмасын өзіне тән қызығымен бірге қиыншылығы да болады. Бірақ, өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған адам ондай қиыншылықтарға мойымайды.

 

Мәселе, өз ісіңді түсініп, қоғамға қандайда пайда келтіруде болса керек. Адамға көмектесу, оның жанына араша түсу, ол оңай емес. Бір адамның өмірін құтқару немесе оның жанына араша түсу, ауыртпашылығын азайту үшін дәрігердің білімі мен тәжірибесі қатар ұштасуы қажет. Өйткені білімі бар, алайда тәжірибесі жоқ дәрігер нағыз мамандардың қатарына қосыла алмайды. «Дәрігер болу қаншалықты қиын» деп сұрайтын болашақ әріптестеріме айтарым, студент медициналық  жоғары оқу орнын аяқтағаннан соң бірден мықты маман бола алмайды. Жас маман бес-алты жыл тәжірибе жинақтап, жинаған қазынасын алған білімімен тиімді ұштастыра алса ғана білікті дәрігерге айнала алады. Нағыз дәрігер өзінің бар мүмкіндігін ізденуге, қызметін жетілдіруге арнауы қажет. Нағыз дәрігер адамдарды емдеумен қатар, медицина ғылымында болып жатқан инновациялық жаңалықтардан да хабардар болуы қажет. Ол үшін маман әр бес жыл сайын өз біліктілігін арттырып отыруы керек. Бұл тәжірибені біздің аурухана қатаң сақтап келеді.

  • Қазақта «Іс тетігін кадр шешеді» деген сөз бар. Айтыңызшы, қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?
  • Аурухана құрамы білікті кадрлар құрамымен қамтылған. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс интервенционды кардиолог, гематолог, нефролог, рентгенолог, ревматолог, диетолог, аллерголог, пульмонолог, профпатолог, рабиолог мамандары №2 қалалық ауруханада жұмыс істейді. Күрделі жөндеу жұмыстарынан ашылған бөлімшелерде де білікті кадрлар құрамымен толықтырылып, бүгінгі таңда жоғары технологиялық ота түрлерін жасауда.

Қай сала болса да мамандармен толық қамтылмаса сапалы қызмет толығымен орындалмайды. Соңғы кездерде №2 қалалық аурухана құрамынан ашылған инфекциялық стационарда дәрігерлер тапшылығы байқалды, әсіресе анестезиолог-реаниматолог және инфекционист дәрігерлерге сұраныс болды. Пандемия кезінде инфекциялық стационардың реанимация бөлімшесіне жоғары оқу орындарының резидент дәрігерлері уақытша жұмыс істеді, соның өзі бізге үлкен көмек болды.

  • Соңғы кездері аурудың түрі көбейіп кетті ғой. Дәрігер ретінде айтыңызшы, қазіргі қоғамда адамдарды қандай ауру жиі мазалайды?
  • Қазіргі қоғамда адамдарды инсульт, жүрек-қан тамырлары аурулары жиі мазалайды және өлім-жітім де осы ауруға шалдыққандар арасынан көп болып тұр. Бұл аурулар, атеросклероз – жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруы ғой. Қазіргі таңда атеросклерозға шалдыққандар жиі кездеседі. Науқастастардың жүрек тамырларында ақаулар пайда болады. Бұл ақаулар қан тамырларының өзегін бітеп, қан айналу процесіне бөгет жасайды. Өзек бітілсе қан «бассейні» құрғап, ет «өледі». Инфаркт және инсульт ауруларына көп жағдайларда ер адамдар шалдығады. Жүрек сыр бере бастаған кезде міндетті түрде дәрігерге барыңыз! Ертеңгі күнге қалдырмаған жөн.
  • Әр қиыншылықтан мамандар тәжірибе алып жатады. Кешегі пандемияның асқынған кездерінде нені түсіндіңіздер, яғни ауыр сынақтан нендей ой түйдіңіздер?
  • Иә, ауызбен айтып жеткізу қиын, дем жетпей демігіп, ауруханаға лек-легімен келіп жатқан науқастарды жайғастыратын орын болмай қиналған күндер де артта қалды. Шымкент қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік емхана жанынан құрылған мобильді бригадалар күніне мыңнан аса шақыртуларға баруға мәжбүр болды. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты амбулаториялық көмек көрсететін бригада мамандарына түсетін шақыртулар саны артты. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының 2021 жылғы 09 шілдедегі №239 нұсқаулық бұйрығына (өзгерістері 2021 жылғы 14 шілдедегі №243-н/қ бұйрығы, 2021 жылғы 23 шілдедегі №262-н/қ бұйрығы, 2021 жылғы 29 шілдедегі №268 бұйрығы) 2021 жылғы 10 шілдеден бастап ауыр дәрежелі ЖРВИ, пневмония және КВИ-сын жоққа шығармайтын науқастарға арналған 360 төсек орынды инфекциялық стационар (280 ересектерге арналған және 80 жүкті әйелдерге арналған) және 70 төсек-орындық реанимация (63 ересектерге арналған және 7 жүкті әйелдерге арналған) бөлімшесі ашылды. 2021 жылғы 10 шілдеден 2021 жылғы 08 қыркүйек аралығында инфекциялық стационардың қабылдау бөліміне 3 240 пациент жүгінген болса, инфекциялық стационарға жатқызылғандар саны – 1 819, кері қайтарылғаны – 1 421, емделгені – 1 570, оның ішінде 82 әйелдің аман-есен босанғанын да айта кетейік.

Пандемияның асқынған кездерінде халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында №2 қалалық аурухана қызметкерлері инфекциялық стационарда уақытпен санаспай, күндіз түні жұмыс істеді. Індеттің алдын алу мақсатында, барлық тұрғындарға COVID-19-ға қарсы екпе салдырып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажет деп есептеймін.

  • Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда дәрігерлердің адресіне сын көп болмаса да айтылып жатады. Көпшіліктің көңілінен шығу үшін не істеуге болады?
  • Жұмыс бар жерде жетістік те, кемшілік те болатыны заңдылық. Мүмкіндік болса кемшілікке жол бермеу, жетістікті еселеп отыру керек. Көпшіліктің көңілінен шығу үшін маман білімді де білікті болуы керек. Ол үшін өз мамандығына деген сүйіспеншілікты арттырып, адалдықты ұстанып, үнемі өз кәсіби білім деңгейін жоғарылату үшін ізденіс үстінде болуы керек.
  • Есесіне, кейбір медицина қызметкерлерін мақтағанда есімін аузынан тастамай айтып жүреді. Жалпы, нағыз дәрігер болу үшін маман қандай болуы керек?
  • Ең бастысы адалдық, шыдамдылық, білім мен біліктілік қажет. Қандай қызмет түрі болмасын өз жұмысыңды жан-тәніңмен сүйсең ғана жақсы нәтиже шығады.
  • Басшы ретінде, азамат ретінде бүгінгі қоғамда сізді не толғандырады?
  • Қазіргі таңда медицинаға көп көңіл бөлінуде, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда. Алдағы уақытта Қазақстандық медицина әлемдік деңгейге көтерілсе екен деген тілек бар. Ең бастысы медицинаны бастап бара жатқан көш көлікті болса екен, оны басқаратын адыңғы буынның кейінгі буынға қалдырар тәжірибесі шын мәнінде көп болса деп тілеймін.
  • Сөз соңында отбасыңыз жайлы да айта кетсеңіз. Отбасыңызды бұл саланы таңдағандар бар ма?
  • Үйленгенмін, үш қызым бар. Жолдасымның медицина саласына қатысы жоқ. Қыздарымның біреуі болашақта медицина мамандығын таңдайтын шығар…

Сұхбаттасқан Аман ЖАЙЫМБЕТОВ