«Фосфор» ауруханасына – 45 жыл: ТӘЖІРИБЕ, ҒЫЛЫМ және БІЛІМ!

Гүлжан Нұрбекқызы ДОСЫБАЕВА – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Жалпы тәжірибелік дәрі­гер-2» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдары­ның докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі, Ресей Жараты­лыстану академиясының корреспондент-мүшесі. Ол, сон­дай-ақ, Фосфор ауруханасы туралы алғашқы зерттеуші­лердің бірі. Бүгін ғалым-дәрігердің «Фосфор» ауруханасы­ның тарихы туралы жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Гульжан Нурбековна Досыбаева

 

  • 1976 жылы 11 мың жұмысшысы бар Фосфор зауыты өз қаража­ты есебінен медициналық бөлімді салып, оны Шымкент қалалық ден­саулық сақтау бөлімінің балансына өткізеді.
  • Аурухана 320 төсекорны бар стационардан, екі қалалық аумақтық, бір зауыттық емханадан және жеті бөлімшеден құралды.
  • 1983 жылы «Фосфор» ауруханасы жанынан Шымкентте 120 төсекті алғашқы типтік перзентхана ашылды.
  • 1988-2013 жылдар аралығында аурухананы медицина ғылымдарының докторы, про­фессор Иманәлі Байдәулет басқарды. 1995 жылы «Фосфор» ауруханасы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ медицина факультетінің оқу және клиникалық базасына айналды.
  • 1996 жылы қала әкімінің шешімімен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақтү­рік университеті медицина факультетінің жоғары курс студенттерінің оқуы мен практикасын ұйымдастыру үшін университеттің басқаруына өтті.
  • 2013-2017 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы 2015 жылы ҚР Ұлттық бизнесрейтингінің нәтижелері бойынша «Сала көшбасшысы» болып танылды.
  • 2016 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Сенатыныңжоғары басқару органының шешімімен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы облыстың коммуналдық меншігіне қайта­рылды. Осылайша клиника негізінде қазіргі Шымкент қаласының №2 аурухана­сы құрылды.

КАДРЛАР ҰСТАХАНАСЫ

2021 жылдың ақпан айында Шымкенттегі «Фосфор» ауруханасының құрылғанына 45 жыл толды! Ковид инфекциясының салдарынан ауру­хана ұжымы бұл мерейлі әрі маңызды датаны биыл атап өтуде. Бүгінде №2 қалалық аурухана деген атауға ие мекеменің перзентханасы, емханасы және көпсалалы стационары бар.

Сонымен, тарихқа қысқаша көз жүгіртсек. Дәрігерлік жұмысым учаскелік дәрігер-тера­певтен бастап Оңтүстік Қазақстан облысының осындай ірі денсаулық сақтау мекемесінің басшысы болып қызмет атқаруым «Фосфор» ауруханасымен тікелей байланысты. Менің ғылыми жұмысым да осы ұжыммен байла­нысты болды. Клиника қабырғасында өткер­ген жылдар өмірім мен жұмысымның ең бақытты кезеңі деп айтсам артық емес. Кли­ника нағыз басшы кадрлар даярлайтын ұста­хана болды. Көптеген жас маман медицина­лық институтты бітіргеннен кейін клиникаға жұмысқа тұрып, тәлім-тәрбие алды, қызметтік мансаптары клиникамен тығыз байланысты болды. Мәселен, Лаура Ахметниязова алғашқы еңбек жолын осы ауруханың емханасында 1993 жылдан 1995 жылға дейін учаскелік терапевт-дәрі­гер ретінде жақсы қызмет етті. Қазір ол ҚР Денсау­лық сақтау министрілігінің тауарлар мен медицина­лық қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын комитет төрағасының орынбасары. Ал, еңбек жолын қатардағы невропатологтан бастаған Сейітжамал Пәкеев еңбекқорлығы мен талантының арқасында медицина ғылымдарының кандидаты атанып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшы­сы қызметіне дейін көтерілді. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша ҚР ДСМ Медициналық және фар­мацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқаруда. Сондай-ақ, медицина ғылымдарының кандидаты Гауһар Үкбаева перзент­хананың балалар бөлімінің меңгерушісінен Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне дейін өсті.

Ал медицина ғылым­дарының кандидаты, профессор Нәзира Жарқымбе­кова невропатолог дәрігерден ОҚМА неврология кафедрасының меңгерушісі және Түркістан облысы­ның бас штаттан тыс невропатологы. Шәкизат Халы­қова әйелдер консультациясы бөлімінің меңгеруші­сінен бастап ҚР ДСМ ана мен бала бөлімінің басшы­сы қызметіне дейін көтерілді. Светлана Анатольевна Волович – тамаша офтальмолог, көзге ота жасаудың үлкен маманы.

Қазіргі таңда олар өз саласының танымал мамандары мен елдің жетекші ғалымдары. Олардың есімдері бүкіл Қазақстанға белгілі және біз оларды мақтан тұтамыз!

«ГУМАНИЗМ, ЖОҒАРЫ КӘСІБИЛІК ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК!»

Мұндай ұранды ұжымдағы жұмыстың негізін қалыптастырған, клиника жетістігінің басты форму­ласы, өмірден алынған принциптерді біздің үлкен ұстазымыз, профессор Иманәлі Оспанұлы Байдәу­лет енгізген болатын. Науқастарды шұғыл қабылдау барысында олардың тағдыры үшін барлық жауап­кершілікті «Өзіме алу!» қағидасын қатаң ұстандық. Ешбір жағдайда «Өзінен кері емес!» Бұл қағиданы клиниканың барлық қызметкерлері білді және мүл­тіксіз орындады. Жас дәрігерлерден қатаң талап етілді, интерн-дәрігерлер осылай дәріс алып өсті. Бұл барлығымызға міндетті ұстаным болды.

Зауыттың қаражатына салынған «Фосфор» ауру­ханасы 1976 жылы ақпан айында ашылып, Шымкент қаласының денсаулық сақтау бөлімінің балансына берілген. Аурухананың ашылуы КОКП-ның кезекті XXV съезінің ашылуымен тұспа-тұс келді. Облыс медицинасының сол кездегі басшысы, ОҚО облыс­тық денсаулық сақтау басқармасын ширек ғасыр бойы басқарған А.Жақсыбаев аурухананың салта­натты ашылу жиналысында сөз сөйлеп, қызыл лен­тасын қиған еді. Көпсалалы аурухана құрамында  бар­л ы ғ ы 3 2 0 төсекті тера­пия, хирургия, жұқпалы аурулар, уро­логия, гинекология, лор, аллергология бөлімшелері, екі қалалық аймақтық емхана және зауыт аумағында орналасқан емханасы болды. Алғашқы бас дәрігер медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау ісінің белгілі ұйымдастырушысы, хирург және ғалым И.Р.Юнусметов болды. Көптеген ұйымдастыру жұмы­сын атқара жүріп, аурухананың бүкіл аумағын абат­тандырды, көгалдандырумен айналысты.

«Фосфор» ауруханасы ұйымдастырылған күннен бастап клиника құрамында тамаша дәрігерлер, ден­саулық сақтау саласының танымал ұйымдастыру­шылары жұмыс істеді. Мысалы, аллергология бөлімшесін сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті И.Ф.Друбич, содан кейін дәрігер Галина Васильевна Чиркина басқарды. 1979 жылдың 2 қаңтарында 60 төсек-орны бар профпатология бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімшеге ұзақ жылдар бойы тамаша дәрігер, педагог, кәсіби аурулар маманы Гүлзия Ибрагимқызы Абралиева меңгерушілік етті. 2004 жылдан бастап кәсіби пато­логия бөлімін Г.К.Зайнуллина басқарды.

ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ БАЗАСЫ

1983 жылы аурухана базасында ашылған, 1996 жылдың маусымында жабылғанға дейін қарқынды жұмыс атқарған, Алматы қаласындағы Өлкелік пато­логия ҒЗИ-дың кәсіби аурулар бөлімдерінің ашылуы ұжымдық жұмысқа жаңа серпін берді. Ол көптеген жылдар бойы «Фосфор» емханасы қала және облыс дәрігерлері үшін озық тәжірибе базасына айналды. Қаламыздың ірі емханасын 14 жыл бойы бас дәрі­гердің емхана жұмысы жөніндегі орынбасары, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», қалалық денсау­лық сақтау бөлімінің амбулаториялық-емханалық жұмыс жөніндегі штаттан тыс бас маманы Л.П.Когай басқарды.

Қала әкімінің 10.07.1996 ж. №1029 шешімі негі­зінде «Фосфор» қалалық ауруханасы ХҚТУ клини­касы болып қайта құрылып, «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары курс студенттерін оқыту мақсатын­да Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің сенімді басқаруына берілді. Клиника директоры, профессор И. Байдәулет қосымша меди­цина факультетінің деканы болып тағайындалды.

Университеттің бірінші ректоры, академик, қазіргі ҚР Ғ А п р е з и д е н т і М.Ж.Жұрыновтың және кли­ника директоры, м.ғ.д., про­фессор И.О.Байдәулеттің бастамасымен Түркия маман­дарымен республикамызда тұңғыш рет ауқымды бірлес­кен жұмыс атқарылды. Бұл акцияны университеттің Өкі­летті кеңесінің Төрағасы, Түр­кия Республикасының мемлекет қайратке­р і, д о к ­тор, про­ф е с с о р Намық Кемал Зейбек мырза қар­жыландырды.

1997-2005 жылдар аралығын­да әлемге әйгілі доктор, профессор Н.К.Баран бас­таған «Интерпласт-Түркия» халықаралық ұйымының дәрігерлері «Дәрігерлер бейбітшілік үшін» халықа­ралық бағдарламасы аясында клиника базасында облысымыздың әртүрлі туа-бітті ауытқулары бар балаларына мыңнан астам тегін пластикалық ота жүргізді. Сондай-ақ, бір жарым мыңнан жоғары тегін консультация мен облыс дәрігерлеріне арналған бір­неше ғылыми конференция ұйымдастырды. 2005 жылдың маусым айында Астана қаласында клиника дәрігерлері Түркия Республикасының ең үздік 10 профессор, докторынан тұратын топпен бірлесіп, тегін, еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген науқас балалар мен ересектерге 64 күрделі пластикалық ота жасады. Қазақстан өңірлері мен елорда дәрігер­леріне дәріс оқыды. Мамандар бригадасын Денсау­лық сақтау министрі Е.Досаев жеке қабылдады. Осы жұмыстың арқасында республикада алғаш рет плас­тикалық және реконструктивті хирургия саласын дамыту, мамандар мектебін ұйымдастыру бойынша елеулі жұмыс басталды. Түркия Республикасының үздік университеттік клиникаларында университеттің 20-дан астам түлегі, оның ішінде клиниканың жас мамандары білімін жетілдірді. Олардың көпшілігі қазіргі таңда Түркістан қаласының клиникалық-диаг­ностикалық орталығында және Астана мен Алматы қалаларының үздік клиникаларында жұмыс істейді. Бұл ірі медициналық акция кейіннен университеттің құрметті басшылары президенттер, белгілі ғалым­дар, профессорлар С.Пірәлиев, Л.Тәшімовтің бас­шылық ету жылдарында да жалғасын тапты.

ТЕР ТӨККЕН 4 ЖЫЛ

2013 жылдың наурыз айында 58 мыңға жуық шымкенттіктерге қызмет көрсететін университеттік клиниканың мәртебесін одан әрі арттыру мақсатын­да сол кезеңдегі үлкен көпсалалы клиниканың бас­шысы ретінде осы маңызды міндетті маған атқару жүктелді. Клиникада өткен жылдар ішінде өте тату және кәсіби біліктілігі жоғары пікірлестерден құрал­ған, кез келген жағдайда мол сенім артуға болатын ұжым қалыптасқан болатын. Сол себептен біз бір­тұтас отбасындай жұмыс істедік. Әкімшілік-шаруа­шылық блок (Қ.Шалмуханбетов, С.Абиев, Р.Қайназа­ров), бухгалтерия (бас бухгалтер Ш.Өскенбаева, Н.Тулебекова, экономистер Л.Ю.Килдеева, М.М.Агилова), ауруханаішілік дәріхана (меңгеруші А.Тоқсейітова, А.Алибаева) үйлесімді жұмыс істеді. Клиникада санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы режим (дәрігер-эпидемиолог К.Анапияева) қатаң сақталып отырды. Кадрлар бөлімінің бастығы П.Тұрғынбаева, Ж.Оспанова және барлық шаруашы­лық қызметкерлері өздерінің функционалдық міндет­терін нақты орындады.

Клиникада Қазақстан Республикасының 15 ден­саулық сақтау үздігі, медицина ғылымдарының 2 докторы мен 9 кандидаты, біліктілігі жоғары санатты 73 пайыз дәрігерлер және 68,9 пайыз медбикелер­ден тұратын клиника штатында 975 қызметкер жұмыс істеді. Мұндай кадрлық әлеуетпен бізге қар­қынды дамып келе жатқан медициналық қызметтер нарығында бәсекелесу анау айтқандай қиын болған жоқ. Науқастар клиниканың дәрігерлеріне сенім артып, емдеу-профилактикалық мекемені таңдау құқығы көп жағдайда біздің клиниканың пайдасына шешіліп отырды. Жоспар бойынша бір ауысымда 500 ересекті және 200 баланы қабылдау керек болса, іс жүзінде біз – 750, ал, көп жағдайда одан да көп науқасты қабылдадық.

1989 жылы клиника үшін Фосфор зауыты­ның қаражатына қала мен облыс бойынша алғаш рет льтрадыбыстық аппарат пен фиб­рогастроскоп (Жапония) сатып алынды. Босандыру қызметі емхананың акушерлік-ги­некология бөлімшесінен, перзентхана бөлім­шесінен тұратын. Перзентханада жыл сайын 3 500-ге жуық жаңа туған нәресте дүниеге келе­тін.

Клиниканы басқарған жылдарды қуанышпен еске оралатын жәйт, басқарушы органдарға кли­никаның дәрігерлері, медбикелері мен акушерлер­дің үстінен дөрекілігі мен немқұрайдылығы туралы бірде-бір шағымның болмауы бірінші Құдайдың, екінші дәрігерлер, акушер- гинекологтар еңбегінің, жалпы ұжымның арқасында бірде-бір ана өлімі, яки болмаса науқастың өліміне әкеліп соғатын дәрі­герлердің кінәсі тіркелмеді.

2015-2016 жылдары біздің кінәмізден емес, кли­никаның материалдық-техникалық базасы, оның заңды мәртебесіне байланысты позициялардың басқа ауруханалардан төмен түсе бастағаны бай­қалды. ҚР Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінетін қаражат тек нысаналы мақсат бойынша қатаң пайдаланылды және күрделі жөндеуге, заманауи жабдықтарды сатып алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсауға заң жүзінде рұқ­сат болмады. Естеріңізге сала кетейін, ОҚО мемле­кеттік мүлікті басқару жөніндегі аумақтық комитетінің 1996 жылғы 10 шілдедегі №675 қаулысына сәйкес университет клиниканы басқаруда өкілетті орган және оның жалғыз құрылтайшысы болды.

КОММУНАЛДЫҚ МЕНШІККЕ ӨТКІЗУ ҚАРЕКЕТІ

2008 жылы ҚР Бюджет кодексін қабылданғаннан кейін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы даму баптары бойынша университет тарапынан да, қала бюджетінен де қаржыландырылған жоқ. Мен осы тұйық шеңберді бұзуға әрекет жасап, Денсаулық сақ­тау министрлігіне, ҚР Білім министрлігіне, ХҚТУ құрылтайшыларына бірнеше рет хат жүзінде жүгініп талап қойдым. 2014-2017 жылға арналған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасын дамыту және жаңғырту­ға бағытталған, ҚР БҒМ және ҚР ДСМ-де бекітілген, барлық бөлімшелердегі жабдықтар тізбесі көрсетіл­ген стратегиялық жоспарды әзірледім. Барлығы 33 хат барлық жоғары тұрған инстанцияларға жібе­рілді. Ұжым мен қала халқы Үкіметке, тіпті Қазақстан Республикасы мен Түркия Президенттеріне клини­каны мемлекетке, яғни облыстық коммуналдық мен­шікке қайтару туралы өтініш білдіріп, хат жолдады. Мен клиника ұжымына олардың сол қиын кезде маған көрсеткен сенімі мен құрметіне, бірге болып түпкі мақсатқа қол жеткізе алғанымызға әлі де риза­мын. Клиниканы мемлекетке қайтару туралы мақса­тымыз орындалды. Нәтижесінде ірі емдеу мекемесі қаланың коммуналдық меншігіне берілді және басқа қала ауруханалары сияқты жалпы негізде қаржылан­дырыла бастады.

Клиника ұжымы, біздің қадірлі дәрігерлерміз өткен жылдар ішінде жүздеген мың науқастың ден­саулығын қалпына келтірді. Олардың жанқиярлық еңбегі мен ауруларға деген сүйіспеншілігі біздің аурухананың даңқын арттырды. Олардың әрқайсы­сы сонымен қатар аурухананың жаңа басшылығы осы мерейтойда ең жылы сөздер мен тілектерге лайық деп санаймын.

 

газета «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН»