Байдалыхан АЙДОСОВ, кәсіпкер:«МАҚСАТЫМЫЗ – МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ»

Өздігінен тысқа шыға алмай, күнұзағына терезеге қарап телміріп отыратын тағдыры тұрлаулы жандардың жан дүниесін қанша жерден түсінгіміз келгенімен, тек тілеулестік танытқанымыз болмаса, қолымыздан келетін қайран жоқ екенін несіне жасырамыз. Кіршіксіз көзі мөлдіреп, айналасындағыларға жаутаудай қарап отырған жанды аяғаннан басқа амалың жоқ. Отырып-тұруы қиын олардың ішкі жан дүниесіне үңілер болсаңыз, өмірге деген құштарлығы жоғары екенін байқайсыз. Сол құштарлықты одан әрі ынталандыра түсіп, сәл болмаса сөнуге айналған үкілі үмітін қайта маздата түсу үшін қайтпек керек?

Бұл бүгінде «Көгершін» қоғамдық бірлестігін құрып, мүмкіндігі шектеулі жандарға мейлінше қызмет етіп жүрген Байдалыхан Айдосовты біраздан бері мазалап жүрген ой еді. Иә, ертелі-кеш темір кереуетке таңылып жатқан жанның тазалығы да үлкен мәселе. Алғашқыда ауыр науқастан төсек тартып жататын жандарға «памперс» жеткізіп берумен айналысқан ол бертін келе кәсібін ұлғайтып, бүгінде тіпті жасанды аяқ-қол жасаумен де шұғылданады. «Соңғы кездері біздің жұмысқа сұраныс біршама артты. Өйткені бұрындары түрлі жағдайлармен аяқ-қолын жарақаттап алғандар мұндай қызмет түрлері бар екенін біле бермейтін. Қалтасы көтеретіндер алыс шетелдерге барып жасататын. Бірінен бірі естіп келіп, тапсырыс беріп жатыр» дейді ол.

Қазақстанда жылына үш жүзге жуық адамның аяқ-қолдарына ампутация жасалады. Бұл құрылғылар мүмкіндігі шектеулі адамдарға қозғалыстың барлық түрін жасауға ыңғайлы болмағанымен жоқтан тәуір әйтеуір. Статистикалық деректерге сүйенсек, қазір елімізде он мыңнанастам адам протезге мұқтаж екен. Мамандардың айтуынша, сонғы он жылдықта аяқ-толы мен бел омыртқасына зақым келтіріп алғандар қатары едеуір артқан. Оның басым бөлігі жол-көлік оқиғасы салдарынан осындай өкінішті жағдайға дұшар болып жатады. Сондай-ақ, туабітті сал ауруына шалдыққандар да бір орында ұзақ уақыт қозғалыссыз жататындықтан қол-аяқ сүйектері қисық бітетін көрінеді. Ондайда сүйек түзу болып жетілу үшін былғарыдан тігілген ішіне майыспайтын метал салынған арнайы аяқ киімдерге тапсырыс беріп жатады.

«Көгершін» қоғамдық бірлестігінде бүгінгі таңда жиырмаға жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Басшысы Байдалыхан Тоқмаханбетұлының айтуынша, олардың өз тұтынушылары бар. Мұнда мұқтаж жандарға тек аяқ киім ғана емес, арнайы киімдер мен басқа да керек-жарақтарын қолдан жасайды. Ал, қоларба, хадунок сияқты заманауи құралдарды қолжетімді бағамен жеткізіп беретінін айтты. «Біздің мақсатымыз – мұқтаж жандарға қызмет ету. Кейде төсек тартып жатқан жандар өздеріне керегін таппай, тапқан күнде де барып алуға мүмкіндігі болмай қиналып жатады. Олар бізге тапсырыс берсе, біз оларға барынша көмектесеміз. Әрине, біздің жасап берген протездер өзінің аяқ-қолындай бола қоймас, дегенмен бір мезгіл сыртқа шығып, серуендеп қайтуына жол ашады. Сыртқа шығып, көпшілікпен араласқан жанның өмірге құштарлығы артады. Жасанды аяқпен де спорттық жаттығулар жасап, түрлі үйірмелерге қатысып жүргендер бар. Осылайша жазатайым аяқ-қолын жаралап, кестіріп тастауға мәжбүр болғандар жасанды аяқ-қолымен өз өмірін қайта жандандырып жатады».

Әрине, өз кәсібі арқылы ел алғысына бөленіп жүрген ұжымның жеткен жетістіктері де аз емес. Алғашқыда жеке тұтынушыларға ғана қызмет етіп келген болса, соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыс арқылы да жұмыс істей бастаған. Бір жақсысы, бүгінде өздеріне арнайы салынған ғимаратта жұмыс істейтін олар жыл өткен сайын жұмысын жандандырып, тіпті, өздеріне керекті шикізатты да отандық өнімдерге алмастыра бастаған. Ұжым басшысының айтуынша, алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына қарай арнайы стомотологиялық орталық ашу да жоспарда бар. Міне, осылайша өз кәсібі арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтаждығын өтеп жүрген оларға біз де сәттілік тілейміз.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

Адрес: г.Шымкент, ​Жандосова, 33 а.
Режим работы: Пн — Пт, 09:00-18:00 (13:00 — 14:00 обед).

Телефоны: 87472742115, 87053763159.

https://kogershin.kz/

#протезыног #Көгершін#шымкент #жизньбезпреград #бандаж#жизньпослеампутациигруди#обувьдляинвалидов #протезырук #всеразныевсеравные #нашипациенты #протезирование #протезыдлядетей#поясничныекорсеты#индивудуальныйпошив#держательдляколеней#ходунки#трость